Apple бүктелетін iPhone дайындап жатыр
Жақында ғана iPhone-ның жаңа буынын нарыққа шығарған техногигант 2026 жылы бүктелмелі өнімін шығаруды жоспарлап отыр.
Huawei, Samsung және Google компаниялары бүктелмелі смартфон нарығына жарқын қадамдар жасағаннан кейін, Apple да осы бағытта өз үлесін қосуға тырысып жатқандай. Bloomberg пен The Wall Street Journal-дың жазуы бойынша, Калифорнияның Купертино қаласында орналасқан компания бүктелетін экраны бар екі құрылғыны жоспарлап отыр. Оның бірі ноутбук қызметін атқаратын iPad іспеттес көлемді құрылғы болса, екіншісі — шағын бүктелетін iPhone болмақ.
Ал Apple басшылары бүктелмелі бұл құрылғыларды шығаруды 2026 жылға жоспарлап отыр. Алайда, The Wall Street Journal-дың жазуынша компания техникалық қиындықтарды шешу үшін өнімдерді шығарды кейінге қалдыруы да мүмкін екенін жазады. Bloomberg деректеріне сүйенсек, Apple-дың басты мақсаттарының бірі — экран бүктелгенде қалатын бүктелу қыртыс ізді жою. Себебі бұл мәселені Samsung шешуге тырысып, сәтсіздікке ұшыраған еді.
Соңғы жылдары Apple iPhone құрылғыларына біртіндеп, аздаған өзгерістер ғана енгізіп келеді, өзгерістер негізінен құрылғының жұқаруына, процессорлардың жылдамдығына және камераларының сапасына қатысты болып жүр. Мысалы танымал смартфонның осы жылғы ең үлкен жаңартуы — iPhone 16-дағы чип пен камераның басқару түймесін қосуы болды. Сондай-ақ компания жасанды интеллект мүмкіндіктерін (Apple Intelligence) енгізу арқылы сатылымды арттыруға сенім артып отыр.
2024 жылы iPhone сатылымы қыркүйек айындағы тоқсанда жылдық есеппен 6%-ға өсіп, 46,22 миллиард долларға жетті. Бірақ компанияның жылдық табысы тек 1%-ға ғана өсті. Apple соңғы жылдары нарықты таңғалдыруда қиындықтарға тап болып, негізгі нарықтарда қатты бәсекелестікпен бетпе-бет келуде.
Қытай Apple үшін ерекше қиындық туғызды. Биылғы жылдың басында iPhone сатылымы арзан, жергілікті баламалардың танымал болуымен төмендеді. Алайда, жыл соңына қарай компания нарықтағы орнын ішінара қайтарды. Apple жаһандық смартфон нарығында көшбасшылық позициясын қалпына келтіруді мақсат етіп отыр.
Халықаралық Data Corporation ұйымының қазан айында жарияланған алдын ала деректері бойынша, Apple Қытайдағы ең үздік 5 смартфон өндірушілер қатарына қайта еніп, iPhone 16 шығарылымымен екінші орынға ие болды.