Гәп ойнау тиімді ме?
Гәп ойнау Қазақстанның көп өңірінде кездеседі. Атауы әр өңірде әртүрлі. Өзара сенген адамдар тобы, яғни туыс-туған, дос-жаран ай сайын ақша жинап, әрбірі жеребе бойынша жиналған соманы алып отырады. Бұл не үшін керек? Ойын қайдан шықты? Гәп ойнайтын адамдар не дейді?
Желіге «гәп» деп жазсаңыз, бір топ адам табаққа ақша салып, оны бір адамға ұстатып, қуанып, құттықтап, «берекелі болсын» деп тілек айтысқан жұртты көресіз. Бұл — гәп ойыны.
Қазақстанда мұндай бейресми қаржы жүйесі кеңінен таралған. Атауы әр өңірде әртүрлі: Айналмақ, Алтын қоржын, Алтын сандық, Cырласу кеші, Шай ойнау, Шиыршық, «Золотая касса», «Черная касса», «Белая касса», «Черный ящик».
ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ ЗОР
Қазақстанда гәптің нақты қашан пайда болғаны туралы дерек жоқ. Кейінгі жылдары Қазақстандағы гәп ойынын әлеуметтанушы Әйгерім Жақыпбек бақылап жүр. Оның сөзінше, Қазақстанда қаржылай қиналған адамдар банкке жүгіннен гөрі туыс-туған, дос-жаран сияқты айналасынан көмек сұрағанды дұрыс көреді. Бірақ қазақ қоғамында гәп — ең алдымен әлеуметтік маңызы бар ойын.
— Бұл — ақшаны кейінге қалдырып, жинаудың бір әдісі. Бұл қаржылық жағынан да тиімді. Дегенмен көп адамнан сұрасаңыз, гәп қаржы мәселесіне ғана келіп тірелмейді. Көбіне орта іздеу, коммуникация жасау, өзінің жан-дүниесін айту, сырласу мақсатында жиналамыз дейді. Онда қаржы факторы басты деп ойлағанымызбен, әлеуметтік фактор басымырақ болады, — деді Жақыпбек.
Алматыда балабақшалардың бірінде істейтін Мадина көп жылдан бері гәп ойнайды. Ай сайын бес гәпке 150 мың теңгедей жұмсайды.
— Гәпті құрбыларыммен жиі кездесіп, жүздесіп, ойнап-күліп, көңіл көтеру үшін ойнаймын. Арамыз суып кетпесін, хабарымыз үзілмесін дейміз. Жұмыстағы әріптестеріммен де жақын болу үшін ойнаймыз, — деді ол.
Шымкент қаласында тұратын Нұрғали 15 жыл гәп ойнаған. Кейінгі жылдары достары арасындағы гәп ойнау өзгеріп, асарға ұқсап кеткенін айтады. Үлкен қуаныш я бір жайт болғанда, гәптес достар жиналып, сол отбасының қызметінде болады.
— Жас кезде ойнайтынбыз. Құрдастармен, достармен сырласып бірге отыратын едік, — деді ол. — Біреудің матералдық жағдайы болмай жатса, соның кем-кетігін жабамыз. Кім мұқтаж болса, соған жинап береміз. Соның арқасында жағдаймыз да түзелді.
Әлеуметтанушы Әйгерім Жақыпбек гәп ойнау бұрын көбіне әйелдерге тән болса, қазір ер азаматтар арасында да жиі кездесетінін айтты.
— Мысалы, Шымкент пен Түркістанда ер адамдар ойнайтын гәптер бар. Тауға шығады, бірге кафеге барады, моншаға барады. Достар өз арасында отбасылық гәп ойнайды. Жастар арасында гәп бар. Қариялардың өзі гәбі бар. Бізде адамдар психологтарғабара бермейді. Сондықтан бұл — топтық терапияның бір түрі, — деді сарапшы.
ОНДАҒАН ЕЛДЕ БАР ТӘЖІРИБЕ
Әлемде гәпке ұқсайтын бейресми қаржы айналымы институты ғасырлар бойы жалғасып келеді. Бұл туралы алғаш зерттеп, ғылыми ат берген британ антропологы Ширли Анденер болды. Ол 1963 жылы «қаржы айналымы бар қауымдастықтар туралы» жазды.
Антрополог ғалым Rotating Savings and Credit Association немесе ROSKA жүйесін зерттеді. Қазақша айтқанда, ауыспалы қор және несие қауымдастығы. Бұл — белгілі бар адамдар тобы бірігіп, бір-біріне қаржылай көмектесетін бейресми қаржы жүйесі. Экономист Боуман 1983 жылғы зерттеуінде мұны «Кедейлер банкі» деп атаған.
Ауыспалы қор және несие қауымдастығы, былайша айтқанда, гәп Африка, Азия мен Латын Америкасы сияқты қарапайым азаматтарға банк жүйесі қолжетімсіз елдерде көп тараған. Айта кету керек, антрополог Анденердің зерттеуінде Орталық Азия елдеріндегі бұл құбылыс қарастырылмаған.
Экономист Боуманның зерттеуінше, әлемде гәптектес қаржы жүйесі 80-нен аса елде бар. Мәселен, бір ғана Африканың өзінде өңір мен қауымдастыққа қарай гәптің «сусу», «танжия», «харамбе» сияқты атаулары бар. Үндістан, Бангладеш, Шри-Ланка мен Пәкістанда мұндай жүйе «Чит қоры» деп аталады. Қытайда — «Хуи», Индонезияда — «Арангалу», Кореяда «Ку» деп аталады. Мексика мен Латын Америкасында — «Танда», Колумбияда — «Пака» дейді. Египет, Иордания, Ливанда — «Жамаия» десе, кейбір араб елдерінде «Харам» деп аталады. АҚШ пен Францияда мұндай жүйе иммигранттар көп тұратын аймақтарда кең тараған. Көрші қырғыздар мұны «шерине», өзбектер «гәп» деп айтады.
Әрбір қауымдастықтағы мұндай қаржы жүйесі заңға, ресми рәсімдеуге емес, тек сенімге негізделеді. Қаржы әдетте той, оқуға түсу сияқты үлкен шығындарды жабуға жұмсалады. Ең үлкен бір ерекшелегі — мұндай қаржы жүйесі банк қызметіне мүмкіндігі жоқ не діни көзқарасына байланысты өзі банкке жүгінгісі келмейтін және көптің қаржылай қолдауы маңызды қауымдастықтарға тән.
ҰЙҒЫРЛАР МЕН ӨЗБЕКТЕРДІҢ ОЙЫНЫ
Қытай-қазақ шекарасындағы әйелдер өмірін зерттеген неміс зерттеушісі, Цюрих университетінің доценті Верена Ле Мела «Нүктеге» сұхбат берді. Ол Қазақстанның Жаркент қаласындағы ұйғырлардың «Шай ойнау» салтын зерттеген. Гәпті «Шай ойнау» деп Қытайдан көшіп келген қандастар да айтады.
Зерттеушінің сөзінше, ауыспалы қор және несие қауымдастығы деген ұғымның Жаркенттегі ұйғырлардың «Шай ойнауынан» бір ерекшелігі — бұл жүйе ақша жинау құралы ретінде ғана емес, жақын адамдармен кездесу, бірін-бірі қолдау амалы ретінде да қарастырылады.
Антрополог Индира Әлібаева гәпті өте маңызды әлеуметтік институт деп атайды. Ол: «Гәп ойнау арқылы, әйелдер, мысалы, бір-бірінің міндеттемелерін жабуға көмектеседі. Гәп отырысында бір әйелдің қызына бесік апару шығынын сондағы гәптестері көтерді. Әдетте, кімнің қай уақытта ақша алатынын жеребе арқылы шешеді ғой. Бірақ кейде бір-бірінің жағдайын ұғынып, орын ауыстырады» дейді.
Индира зерттеуі аясында екі этнос өкілдері тұратын махалланың «Гәп» шарасына да қатысқан. Оны «Махалланың гәбі» деп атаған. «Бұл құбылыс мен үшін позитивті этносаралық қатынастың көрінісі болды» деді ол.
«Гәп күні махалла құрамына кіретін екі көшенің әйелдері әдемі киімін киіп, бір-бірімен шүйіркелесіп, қалжыңдап көшенің басында жиналады. Сосын бірігіп ауылдың ортасында орналасқан кафеге барады. Ол жерде әдетте күнде кездесе бермейтін көршілер бір-бірінің жаңалығын тыңдап, кімде қандай мәселе барын біледі. Осылайша этностық топтар арасында жақындасу сезімі оянатынын байқадым» деді Индира.
Верена Ле Мела ұйғырлардың «шай ойнауына», яғни гәпке совет кезінде ер де, әйел де қатысқанын, бірақ кеңестік жүйе құлағанда бұл ойын тек әйелдер ойынына айналғанын айтады. Мұны ғалым былай түсіндіреді: совет одағы ыдырағанда ерлердің көбі жұмыссыз қалды да, әйелдер шекара маңында сауда істеп, жұмысқа шығып, табыс тауып, ақшаны көбіне өздері ұстай бастады. «Сөйтіп ерлерді бұл ойыннан шығарып жіберді» дейді.
Верена Ле Мела әйелдерге бұл ойынның ақша жинау деген қаржылық функциясы ғана емес, құрбы-доспен көрісу, әңгімелесу сияқты әлеуметтік маңызы да зор екенін айтады. «Ойын кезінде әйелдер ері мен мемлекеттен қолдау жоқта, бір-біріне арқа сүйейді» дейді. Ғалым сөйлескен ер азаматтар әйелдерінің бұл ойынына сезіктене қарағанымен, олардың отырыстан бақытты боп келгеніне қуанатынын жасырмайды. Оның үстіне, әйелдер үйге құр келмей, ақша тауып келетіні де бар. Сарқыт та әкелетін шығар.
ГӘП ОЙНАҒАН ТИІМДІ МЕ?
Гәп — ақша жинай алмайтын адамдарға таптырмас құрал. Мәселен, бес топпен гәп ойнайтын Мадина міндетті жарна арқылы табысының басын құрап отыр.
— Депозитте ақшам жиналмайды. Салып қойсам, артық ақшам бар ғой деп ала бересің. Соған сеніп тұрасың. Табысың ырың-жырың болады. Ал гәп ойнасаң, ақша керек кезде түсіп тұрады. Бес-алты жерде ойнағаннан кейін әйтеуір келіп тұрады. Айлығым аз. Гәптерімнен қосымша 100 мың, 120 мың теңге кеп тұрады, — дейді Мадина.
Одан бөлек, отбасыңызға үлкен сома керек болса, пайызы көп кредитке жүгірмей, гәптестерге айтуға болады.
— Қаржы жағынан, әрине, тиімді, — дейді Нұрғали. — Алты баламыз бар. Ақша керек болып қалғанда гәптегі достарымызға мұқтаждығымызды айта білеміз. Біреу қызын ұзатайын деп жатса, гәпті соған жинап береміз. Гәп ойнаған жылдары тұрмысымыз қиын еді. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, жағдайымыз жақсарып қалды.
Дегенмен гәп қарыздың бір түрі екенін ұмытпаңыз. Бір айда бес адамнан қарыз аласыз да, тағы төрт ай соны «қайтаруыңыз» керек болады. Ай сайын табысыңыздан жырып тырып, «берешегіңізден» құтыласыз.
Одан бөлек, экономист Мақсат Халықтың сөзінше, көп адаммен гәп ойнау тиімсіз болуы мүмкін. Өйткені ойындағы жарна құны өзгермейді, ал инфляция жарнаны құнсыздандырып тастайды.
Мәселен, он екі адам 10 мың теңгеден ойнайтын гәптің алғашқы түсімін — 120 мың теңгені бірінші қатысушы алса, соңғы төлем жыл соңында — желтоқсанда тиеді. Демек, елдегі биылғы ресми инфляциямен есептесек, 120 мың теңге қорыңыз жыл соңына дейін 8,5 пайызға құнсызданады.
Бұл мәселені шешіп алған елдер де бар. Мәселен, Түркияда гәп ойынын «Altın günü», яғни «Алтын күні» деп айтады. Әйелдер бір-бірінің үйіне қонаққа барып, ән айтып, би билеп, ең бастысы, үй иесіне, яғни гәп кезегі келген адамға алтын тиын береді. Осылайша, алтынның құны жоғалмай, ешбір қатысушы кезегі соңғы екеніне қапаланбай алаңсыз тойлайды.
Гәп сияқты ойындар адамдардың бір-біріне деген сеніміне негізделетінін айттық. Бірақ өмірде түрлі жағдай болады. Жарна кезегі келген адам ақшасын уақытылы бере алмай, басқа қатысушылар одан зардап шегуі мүмкін. Гәп заң жүзінде рәсімделмегендіктен, жарнаңызды өндіріп алу мүмкіндігі жоқ.