OpenAI жаңа SearchGPT іздеу жүйесін таныстырды

OpenAI жасанды зерде негізінде жұмыс істейтін жаңа іздеу жүйесінің прототипін іске қосты.

OpenAI жаңа SearchGPT іздеу жүйесін таныстырды
Фото авторы Mariia Shalabaieva / Unsplash

SearchGPT — әлемге әйгілі Google, Bing, Yandex өніміне ұқсас OpenAI таныстырған жаңа іздеу жүйесі. Оның дәстүрлі нұсқалардан айырмашылығы жасанды зерде (Artificial Intelligence) негізінде жұмыс істейді. Компанияның жасанды зерде саласындағы үздік өнімі ChatGPT белгілі мерзім аралығындағы ғана датаны өңдесе, SearchGPT интернеттегі ақпаратты сол бойда талдап, сұрыптай алады. Әзірге жоба прототип ретінде іске қосылды. Кейінірек, ChatGPT-дің бөлшегіне айналмақ.

OpenAI таныстырған жаңа SearchGPT іздеу жүйесінің прототип бағаны /OpenAI

Қажет ақпаратты іздеу тәсілі жаңарады

SearchGPT ақпарат тізбегін жай ғана ұсынып қана қоймайды. Ол ғаламтордағы ақпаратты жинақтап, талдап, оны жүйелі негізде ұсынады. Сондай-ақ, жауаппен қоса дереккөздердің сілтемесін де көрсетеді. Егер тұтынушы сұрағына байланысты тереңірек мағұлмат алғысы келсе, сілтемеге өте алады немесе SearchGPT-дан мәлімет туралы ақпаратты толықтыруды талап ете алады. Бұл дегеніміз, жаңа іздеу жүйесі кәдімгі адам секілді әңгіменің төркінін ұғып, соған сай диалогты өрбіте алады.

Мысал ретінде OpenAI «Солтүстік Каролинадағы Бун қаласында тамыз айында өтетін музыка фестивальдері» сұрауын жариялады. Төмендегі видеоға сәйкес, SearchGPT сайттардан алған деректерді сүзгілей отырып, әрбір іс-шара туралы қысқаша ақпарат пен фестивальдер тізімін құрастырды. Жауаптардың жанына сілтеме де ұсынды.

SearchGPT прототипінің жұмыс істеу барысынан көрініс | OpenAI

Авторлық құқыққа жіті мән бермек

ChatGPT сынды түрлі LLM-дар (еркін аударма: Үлкен тіл модельдері) адаммен сапалы қарым-қатынас құруы үшін көп ақпарат тұтынып, соның негізінде жаттығуы керек. Сондай модельдің бірі Perplexity авторлардың материалын рұқсатсыз пайдаланды деген күдікпен басы дауға қалды.

Ал SearchGPT жобасы бұл олқылықтың алдын алмақ. OpenAI компаниясы кез келген басылым іздеу жүйесінде қалай көрінетінін “басқара алады” деп жазады. Олар төл контентін OpenAI модельдерін оқыту үшін пайдаланудан бас тартса болады, ал іздеу нәтижесінде көріне береді.

OpenAI компаниясы Associated Press, The Atlantic және Vox Media сияқты медиа алпауыттармен бірлесе жұмыс істеп, жобаны бірге әзірлеген.

Ақпаратты жасанды зерде көмегімен іздеу интернетті шарлаудың негізгі тәсілдерінің біріне айналады және алғашқы сәттен-ақ бұл технология журналистика мен публицистерді бағалайтын, құрметтейтін және қорғайтын түрде жасалуы өте маңызды. Біз OpenAI-мен осы істе серіктес болып, оқырмандарымыздың The Atlantic-ті жаңа қырынан тануы үшін атсалысамыз.
Николас Томпсон, The Atlantic бас директоры

“SearchGPT пайдаланушыларға медиамен байланыс орнатуға көмектесу үшін жасалған, оларды іздеу нәтижесінде айқын атап өтіп, сілтемелер беріп отырады,” деп жазады OpenAI өз мақаласында.

Google дәуірі бітті деген сөз бе?

OpenAI жаңа іздеу жүйесін таныстырғалы бері нарықтағы Google компаниясының акциялары құлай бастады. Жылдар бойы іздеу жүйесінің төресі деп танылған Alphabet өнімінің жарнамадан көретін пайда үлесі азаюы мүмкін. Google жасанды зерде жарысынан қапы қалмай, AI Overview атты өнімін ұсынған еді. Алайда, пайдаланушылардың сұрақтарына біртүрлі жауап қайырғаны үшін сынға ұшыраған.

OpenAI компаниясы 2022 жылы іске қосқан ChatGPT өнімін ай сайын 200 млн адам пайдаланады. Сондай-ақ, 4 млн-ға жуық адам $20 тұратын ақылы нұсқасын қолданады. Алайда, аталмыш өнімнің шығындары да артып келеді. The Verge берген ақпаратқа сүйенсек, компанияның осы жылғы шығыны $7 миллиардқа жетуі мүмкін. SearchGPT-дің де алғашқы кезеңде тегін болатынын ескерсек, компания кіріс көзін ұлғаюту бойынша мықты шаралар жасауы лазым. Әзірге жасанды зерде жарысында өнім сапасы, монетизация тұрғысынан оқ бойы озық компанияны дәл атап айту қиын.

SearchGPT прототип негізде 10000 адамға ғана ашылады. Өнімді алғашқылардың қатарында сынап көргіңіз келсе тіркелу шарт.

Read more

«Қаржы сауаты бюджетті бақылаудан басталады». Қарыз бен несие қақпанына түспеудің жолы қандай?

«Қаржы сауаты бюджетті бақылаудан басталады». Қарыз бен несие қақпанына түспеудің жолы қандай?

Қазақстанда несие қарызы артып, әр азаматқа шаққанда 1 млн теңгеден асқан. Қаржыгерлердің айтуынша, қаржы сауаттылығын арттыру қажет. «Төрт конверт» әдісі мен «20 пайыз ережесін» ұстану шығындарды бақылауға, жинақ қалыптастыруға және қарыздан арылуға көмектеседі.

By Аида Зайнуллиева