Оскардан үмітті «Бауырына салу» фильмі не туралы?
15 қарашада қазақстандық режиссер Асхат Кучинчерековтің «Бауырына салу» картинасы Оскар жүлдесінің «Шет тілдегі үздік фильм» номинациясы бойынша үміткерлер тізіміне енгені хабарланды. Режиссер бұл фильмге өз өміріндегі оқиғаны арқау еткен.
«Бауырына салу» картинасы үйдің тұңғыш баласын ата-әжесіне беретін дәстүр мен оның салдарын көрсетеді. Әжесімен өскен Ерсұлтан қария қайтыс болған соң әке-шешесінің қолына қайтады. Марқұм әжесін сағынған жеткіншек ес білгелі бөлек тұрған әке-шешесіне үйренісе алмай қиналады.
Фильм режиссер Асхат Кучинчереков өз басынан өткен жайттар негізінде түсірілген. Осының арқасында туынды шынайы шыққан. Ауыл өмірі, тұрмыс тауқыметі шынайы көрсетілгені сондай — кейде көркем картина емес, деректі фильм көріп отырғандай боласыз. Кейіпкерге еріп, үздіксіз ұзақ түсірілген кадрлар арқасында Ерсұлтанмен бірге жүргендей күй кешесіз. Бала оңашада қыстығып жылғанда көп адамның еріксіз көңілі босайды.
Қазақтың бауырына салу дәстүрінен бейхабар адам Ерсұлтанды жетім бала деп қалуы мүмкін. Ал өз әке-шешесі алыс туысындай. Режиссер Кучинчереков өзі сияқты «тірі жетім» қалған балалар туралы қызу талқы тудырды. Баланы әке-шешеден ажыратып алған дұрыс па? Өз үйінен жырақ өскен бала өзін тастанды сезінбей ме? Есейгенде ата-анасына деген өкпе-реніші жан жарасына айналмай ма?
Асхат Кучинчереков informburo.kz сайтына берген сұхбатында картинаның маңызын былай түсіндіреді: «Премьераға осы фильмге атсалысқан ауыл адамдарын түгел жинадым. Фильм басталмас бұрын бәріне шай бердім. Құйған, Тұйық деген екі ауылда түсірдік, сол жерде массовкаға қатысқан жандардың біразы келді. Біздің картинамызға түскен бір апамыз таяуда өмірден өткен екен, соның қызы келді. Ол кісінің өзі де жетпіске кепті. Апамыз «мен де осы дәстүрде өскен баламын, тұңғыш бала болған соң, мені үлкендерге бере салған. Шешем өлер алдында «Қызым, менде немере де бар, шөбере де бар, бәрінің қызығын көрдім. Тек сен қыздың аузыңнан бір рет «Ана» деп айтқаныңды естімей кетіп бара жатырмын» деді. Мен сонда да «Ана» деген сөзді айта алмадым ғой шешеме» деді. Әрине, ол айтуға оңай нәрсе емес қой. Мен апамыздың жайын жақсы түсінемін. Фильм жарыққа шыққан соң, маған әртүрлі пікірлер жазылып жатыр. «Қазақта ондай траума жоқ» деп жатқандар да бар. Енді қараңыз. Жоғарыда айтып отырған апамыз 86 жасқа жетіп қайтты, 9 бала көріп, шөбере-шөпшек сүйді. Бірақ, сонда да тұңғышынан «Ана» деген бір ауыз сөзді ести алмай өткені жүрегіне батқан ғой. Осыдан кейін «қазақта мұндай траума жоқ» деп қалай айтамыз?»
«Бауырына салу» Қазақстан кинотеатрларында прокатта екі апта ғана болды. Ұлттық киноны қолдау орталығының қаржысына түсірілген, бюджеті 88 млн теңгелік фильмді бар-жоғы үш мыңға жуық адам тамашалаған. Қазақ көрерменнің лайық құрметіне бөлене алмаса да, «Бауырына салу» әлемнің түкпір-түкпіріндегі он шақты фестивальде жүлдегер атанды.
«Бауырына салу» бұған дейін Қазақстан киногерлері альянсының «Тұлпар» байқауында жеңімпаз атанған. Осының арқасында картина Қазақстан атынан Оскарға ұсынылып еді.
«Шет тілдегі үздік фильм» номинациясы бойынша дауыс беру үш кезеңнен тұрады. 17 желтоқсанда жүлдеге үмітті фильмдердің шорт-лисі жарияланады. Ал келер жылдың қаңтарында шорт-лист ішінен іріктелген номинанттар тізімі хабарланады. Жеңімпаздар анықталатын үшінші кезең келер жылдың ақпанында өтеді. Олар наурызда Лос-Анжелесте өтетін салтанатты рәсімде марапатталады.
Әзірше қазақ киносының тарихында тек «Келін» (2009 жыл) және «Айка» (2018) фильмдері шорт-лиске енген. Ал режиссер Сергей Бодровтың «Моңғол» фильмі (2007 жыл) Қазақстан атынан номинанттар қатарына қосылған жалғыз туынды болды.