«Нақты жоспар мен ішкі тәртіп керек». Қарыздан құтылу жолы қандай?

Қазақстанда еңбекке жарамды 9 миллионнан аса азаматтың 80 пайызында кредит бар. Ресми дерек бойынша, 1,7 млн адам алған несиесін қайтара алмайтын жағдайға кеткен. Биыл азаматтардың микрокредиттік ұйымдардан қарыз алуы жиілеген. Қарыз қамытынан құтылудың жолы қандай?  

«Нақты жоспар мен ішкі тәртіп керек». Қарыздан құтылу жолы қандай?
Фото авторы Towfiqu barbhuiya / Unsplash

Дидар (аты-жөні өзгертілді — N.) медиа саласында жұмыс істейді. Айына 350 мың теңге табады. Жұмысы тұрақты емес: фрилансер ретінде еңбек етеді. Аударма жасау, мақала жазу, мәтін редакциялау сияқты қосымша жұмыстардан ай сайын 100-250 мың теңге көлемінде қосымша табыс тауып отыр. 

Дидардың жинап қойған ақшасы жоқ. Сондықтан күтпеген жағдай бола қалғанда қарызға ақша алады. 

— Мысалы, жазда екі апта ауырып қалып, дәрі-дәрмекке, емделуге 70 мың теңгедей жұмсадым. Сол екі аптада денсаулығыма байланысты жұмыс істей алмадым. Яғни, минусқа кеттім. Әрине, мұндай жағдайға арналған ақшаң болмағандықтан, достарыңнан қарыз аласың немесе ең қажет деген заттарды бөліп төлеу арқылы сатып аласың, — дейді Дидар.

Оның қазір шамамен 300 мың теңге қарызы бар. Жүз мыңы — достарынан алғаны. Қалғаны — кредиттері. Дидар үйленген. Жас отбасы пәтер жалдап тұрады. Таяуда басқа қалаға баруы керек болып, бөліп төлеуге ұшаққа билет алған. 

— Қарызға осылай «кіріп кеттім», — дейді ол.

Кейінгі жылдары қымбатшылық күшейіп, күнкөріс қиындаған Қазақстанда Дидар сияқты үсті-үстіне қарыз алып, берешегінен ұзақ уақыт құтыла алмай жүрген адам көп.

TALAP зерттеу орталығының есебінше, 2023 жылы экономикадағы несие көлемі 32 триллион теңгеге жетті, оның жартысы — халыққа берілген несие. Елде еңбекке жарамды халықтың 86 пайызы немесе 8,2 миллион қазақстандықтың берешегі бар. 1,5 миллионнан астам азаматтың екі немесе одан да көп несиесі бар. Ал несие алған бір адамның қарызы орташа есеппен 2 миллион 195 теңгеден асады. 2 миллионнан астам адам несие төлемін кешіктірген.

Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, елде 9 миллионға жуық азаматтың екінші деңгейлі банктерге 22,7 трлн теңге қарызы бар. Оның жартысына жуығы, яғни 49 пайызы — тұтынушы кредиті. Тұтынушы кредитіне ипотека, көлік кредиті кірмейді. Жұрт күнделікті қолданатын тұрмыстық заттарды қарызға алған.

Халықтың шектен тыс несие алу мәселесіне былтыр үкімет те назар аударған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жолдау жасағанда шамадан тыс несие алу мәселесін шешу үшін «жүйелі шараларды» қолға алуды тапсырған. Сөйтіп биыл тұтынушылық несие алудың талаптарын қатаңдатқан заң қабылданды. Биыл қабылданған жаңа заң бойынша, несие төлемін 90 күн кешіктірген адамға кепілсіз жаңа несие берілмейді. Заңды парламентте таныстырған қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Абылқасымова проблемалық қарыздың өсуіне «тиісті кірісі жоқ адамдарға несие берілгенін» негізгі себеп ретінде атап өткен.

Бірақ кейбір сарапшы халықтың кредитті көптеп алуы мәселенің салдары ғана екенін, түпкі себебі деп «елде азаматтардың табысы азайып бара жатқанын» айтқан. Ұлттық банктің дерегі бойынша, былтыр қазақстандықтардың несие бойынша қарызы 23 пайызға артқан.

Дидар өзін қаржы сауаты төмен, жөнсіз ақша жұмсайтын адам деп есептемейді. Ол қарызға «кіріп кеткенін» «айлығы төмен болғанынан» көреді. 

— Қаржылық жағдайыма анализ жасап көрдім. Тапқан табысым күнділікті қажетті жабудан ары аспайды екен, — дейді ол. 

Дидардың қаржылық жағдайы көп қазақстандыққа таңсық көрінбеуі мүмкін. Елде жыл сайын инфляция өсіп, күнкөріс қиындап барады. Қазақстан ұлттық инвесторлар қауымдастығы былтыр қазақстандықтар жалақысының 54 пайызын азық-түлікке жұмсап, тамаққа ең көп ақша құртатын 67 елдің ішінен 60-орында тұр деген дерек келтірген.

Қаржыгер Салтанат Қасымбектің сөзінше, халықтың көп қарыз алуына тағы бірнеше себеп бар. Біріншіден, банктер кредит алуды жеңілдетіп тастады. Қазір 6-12-24 айға бөліп төлеуді де, пайыздық мөлшерлемесі бар кредитті де бір минутта рәсімдеуге болады. Әр дүкен бөліп төлеуге болатын, кредит картасын қабылдайтын терминал орнатқан.

— Қазір кафенің өзінде Kaspi Red бар. Демек, жұрт тіпті тамақтың ақшасын да бөліп төлеуге үйреніп алды, — дейді қаржыгер. 

Қаржыгер банктердің кредиттерді көп жарнамалайтыны, оны рәсімдеуді мейлінше жеңілдеткені қаржы сауаты төмен әрі қиын жағдайға тап болған азаматтарға несиені оңтайлы шешім етіп көрсетіп тастағанын айтады.

Қарызы бар қазақстандықтардың 49 пайызы — кепілсіз тұтынушы кредитін, ал 4 пайызы — кепілмен кредит алса, 28 пайызы — ипотека, 14 пайызы автокредит рәсімдеген. Ұлттық банктің мәліметінше, биыл қаңтар айынан қазанға дейін микрокредиттер мөлшері 16 пайызға өскен.

Қаржыгер «қарыздың бәрі тиімсіз, ешбірін алу ақталмайды» деуден аулақ. Мәселен, «7-20-25» сияқты жеңілдетілген үй алу шарты бар бағдарламаларға жүгінгенді қолдайды. Ал пайызсыз бөліп төлеу әдісі тиімді көрінгенімен жеке бюджетке тигізетін залалы жоқ емес.

— Себебі ол адамды оңай жолға бейімдейді. Қосымша табыс іздегеннен гөрі бөліп төлеген ыңғайлы болып көрінеді. Алайда ол қаржы сауатына жат. Себебі бұл да бір қарыз шұңқыры. Бірақ пайызсыз бөліп төлеуге алған дүниеңіз пайда әкелсе, не болмаса инвестиция сияқты өзге табыс көзі болса, ол бөлек әңгіме, — дейді ол.  

Биыл қарашаның аяғында Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені өсіріп, инфляция тағы артуы мүмкін деген болжам айтқан тұста азаматтардың қаржы сауатын арттыруға қажеттік туып тұр. Қазақстандықтардың қаржы сауаты аса жақсы емес. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, елде азаматтардың тең жартысы банктерге қарызын уақытылы төлемейді, тең жартысы табысын есептемейді, жеке шығынын бақыламайды және ақша жинамайды. 

Бірақ Дидар олардың қатарында емес. Жас жігіт қарызы көбейген соң шығыны мен кірісін есептейтін қосымша жүктеп алып, күнделікті жұмсайтын ақшасын мейлінше үнемдеуге тырысып жүр.

— Қазір қарыздан ақырын-ақырын құтылып келемін, — дейді ол. — Жаңа жылға дейін бүкіл қарызымды жауып, табысымның бір бөлігін депозитке жинай бастасам деген ниетім бар.   

Дидардың әдісі дұрыс екенін қаржыгер Салтанат Қасымбек қуаттайды. Маман «қарыздан құтылу үшін «ішкі тәртіп пен нақты анализ керек» дейді.

— Адам аз-аздан құтыламын ғой деп өзін алдауы мүмкін. Бірақ қарыздан құтылу үшін әуелі нақты жоспар керек. Жоспар құру үшін жалпы қанша теңге қарызыңыз бар екенін анықтап алыңыз. Ай сайынғы аз-маз төлем миллионға айналғанда таң қалуыңыз мүмкін, — дейді қаржыгер.

Маман дереу ақша қажет жағдайда қарыз не кредит алудан алшақ болып, қолыңыздан келетін жұмыс істеп, қосымша табыс көзін ойластыруды ұсынады.

Ал қажетсіз тауарларды эмоциямен сатып ала беретін әдеттен арылу үшін wish list жасап, әр ай сайын керек затыңызды алып отырған дұрыс екенін айтады. Бұл — қарыз қақпанына түсіп қалудан сақтайтын тағы бір жол.

— Қарыз психиканың әлсіздігінен де көп болуы мүмкін. Мысалы, әлеуметтік желілердің әсерінен кейбір дүниелерге негізсіз ұмтыламыз. Сәннен қалғымыз келмейді, туысқандардан ұят дейміз Бір затты аларда оның сізге неге керек екенін негіздейтін бес себеп айтып көріңіз, — дейді қаржыгер. — Әр жауабыңызға тағы да «неге?» деп сұрақ қойыңыз. Сонда ол зат сізге шын мәнінде аса қажет емесін түсінуіңіз мүмкін. 

Салтанат Қасымбек қарыздарын жапқысы келген адамға «Жентек қар» әдісін ұсынады. Ол бойынша, қарыздарды тізіп жазып, ең аз мөлшердегі қарызды ай сайын 10-15 мыңға көбірек төлеп, уақытынан бұрын жабу керек. Біреуі жабылған соң тап сол сомманы одан үлкенірек қарызға қосып, оны да уақытынан бұрын жабысыз.

— Сөйтіп бірте-бірте қарызыңыз азайып, бәрінен құтыласыз, — дейді маман.

Бұл жоба Internews Kazakhstan гранты арқылы жүзеге асты.

Read more

Гәп ойнау тиімді ме?

Гәп ойнау Қазақстанның көп өңірінде кездеседі. Атауы әр өңірде әртүрлі. Өзара сенген адамдар тобы, яғни туыс-туған, дос-жаран ай сайын ақша жинап, әрбірі жеребе бойынша жиналған соманы алып отырады. Бұл не үшін керек? Ойын қайдан шықты? Гәп ойнайтын адамдар не дейді?

By Редакция
Android XR: Google технология кеңістігін кеңейтіп жатыр

Android XR: Google технология кеңістігін кеңейтіп жатыр

Google компаниясы Samsung және Qualcomm-мен бірлесіп істеген Android XR атты жаңа операциялық жүйені таныстырды. Жүйе жасанды инттелект, AR және VR мүмкіндіктерін кіріктіріп, ақылды көзілдірік сынды XR (extended reality) құрылғылардың әлеуетін кеңейтпек.

By Ayan Gizzat
Астанада сайлау мен адам құқығы мәселесі талқыланды

Астанада сайлау мен адам құқығы мәселесі талқыланды

23 қарашада Астанада TedxAstana қауымдастығы тоғызыншы конференциясын өткізді. TedxAstana Salon атты жиынға ондаған адам қатысып, Қазақстандағы және әлемдегі сайлау процесі мен адам құқығы мәселелерін талқылады. Редакция жиын кезінде айтылған ойларды қысқаша шолып шықты.

By Dina Aitbekova